Спорт

Нұр-Сұлтанда қысқы триатлоннан қайырымдылық жарысы өтеді

Фото пресс-службы акимата Нур-Султана
Елорданың Триатлон паркінде 21 ақпан күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қысқы триатлоннан жекелеген жарыстар өтеді, деп хабарлайды Kazpravda.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тіркеу жарналарынан түскен қаржы толығымен "Тең мүмкіндіктер әлемі" қайырымдылық қорына, "Саламатты болашақ" - "Спорт баршаға! Шексіз Спорт!" әлеуметтік жобаларына аударылатыны аталып өтілді. Жоба ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың дене шынықтыру және спорт арқылы қоғамға етене араласуына көмектеседі.

Жыл сайынғы қысқы триатлон жарыстарының ұйымдастырушылары - "Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы" ММ және Нұр-Сұлтан қаласының Триатлон федерациясы.

Жарыстар қысқартылған супер-спринт қашықтығында өткізіледі: жүгіру – 2 км; велоэтап – 3 км; шаңғы – 2,5 км (барлық кезең бір шеңберде өтеді).




Чемпионатта әр спортшы жеке старт арқылы қатысады, уақыт аралығы - кем дегенде 20 секунд. Оған 18 және одан жоғары жастағылар, денсаулығында спортқа қарсы кінәрат жоқ тілек білдірушілердің бәрі қатыса алады.

Қашықтықты белгіленген уақыттан кешіктірмей аяқтаған әрбір қатысушы мәре сызығында естелік медальмен және дипломдармен марапатталады.

Өздерінің жас санаттары бойынша 1-3 орын алған спортшылар 23-25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының Триатлон федерациясының кеңсесінде марапатталады.

Бүгінгі күні жарысқа қатысу үшін 173 адам тіркелді.

Естеріңізге сала кетейік, чемпионат 21 ақпан күні Триатлон паркінде, 8:45-те басталады.

Жарыс барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі, деп қосты әкімдікте.
14:17, 19 Ақпан 2021
0
31660
Жазылу

Сондай-ақ оқыңыз

Көп оқылғаны