Спорт

Головкин мен Альварес жекпе-жегін тікелей эфирде Астананың Арбатында көрсетеді

Фото с сайта by.tribuna.com
16 қыркүйекте, жексенбі күн таңертең елордалық Арбатта тікелей эфирде WBC, WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (49-1-2, 34 КО) жекпе-жегін көрсетеді. Бұл туралы Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек жариялады, деп хабарлайды Kazpravda.kz.

"Гена, алға! Go GGG! Астана уақытымен 16 қыркүйекте таңертең барша Қазақстанда осындай сөздер айтылатын болады. Лас-Вегас қонаққа кім келгенін түсінетін шығар. WBC, WBA (super), IBO нұсқалары бойынша орташа салмақтағы әлем чемпионы, Қазақстанның бетке ұстар ұлы - Гена GGG мексикалық Сауль Альвареспен екінші рет кездеседі. Бұл жекпе-жекті тікелей эфирде Арбатта көрсетеміз. Кез-келген азамат Арбаттағы жазғы кинотеатрда қолайлы орындарды таңертеңнен таңдаса болады", - деп әкім өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

ESPN Deportes ақпаратынша, бокс кеші жергілікті уақытпен сағат 14:00 (Астана уақытымен 15 қыркүйектен 16 қыркүйекке қараған түні сағат 03:00) басталса, PPV-андеркарт трансляциясы (ақылы трансляция) 17:00 (Астана уақытымен 16 қыркүйек таңғы сағат 06:00) жоспарланған.



Головкин мен Альварес шаршы алаңға жергілікті уақытпен шамамен 19:00 және 19:30 аралығында шығады деп күтілуде. Қазақстандық көрермендер үшін бас жекпе-жек жексенбі, 16 қыркүйекте таңғы сағат 08:00 мен 08:30 аралығында басталады. Қазақстанда тікелей трансляция QazSport және Qazaqstan арналарында көрсетіледі.

Еске сала кетейік, Головкин мен Альварестің алғашқы жекпе-жегі 2017 жылы Лас-Вегасте өткен. Ол кезде төрешілер екі боксшы тең түсті деп шешкен.


09:00, 14 Қыркүйек 2018
0
18473
Жазылу

Сондай-ақ оқыңыз

Көп оқылғаны