Саясат

ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары терроризм мен есірткінің заңсыз айналымымен күресу шараларын талқылады

Фото: akorda.kz
ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешев 17 қараша күні бейнеконференция форматында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Kazpravda.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Іс-шараға Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев, Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян, Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рыскелді Мусаев, Тәжікстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Насрулло Махмудзода, Белорусияның Қауіпсіздік Кеңесі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Михаил Пузиков және ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась қатысты (2020 жылы ҰҚШҰ-ға Ресей Федерациясы төрағалық еткенін ескере отырып, отырысты Мәскеу қаласында өткізу жоспарланған болатын).

Тараптар жиын барысында халықаралық және өңірлік ахуалдың негізгі аспектілері туралы пікір алмасты. Өзекті сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимылдардың, террористік әрекеттердің, есірткінің заңсыз айналымымен күрес жүргізудің практикалық шараларына, киберқауіпсіздік саласындағы бірлескен шараларға басты назар аударылды.

Әсет Исекешев ҰҚШҰ-ның маңызды бағыттары бойынша Қазақстанның атқарып жатқан жұмысы жайында әріптестерін хабардар етіп, халықаралық терроризммен және экстремизммен күресте кешенді әрі жүйелі тәсіл қажет екенін атап өтті.

Жиында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары халықаралық терроризммен, терроризмнің және онымен байланысты экстремистік идеологиялардың тарауына қарсы күрес жүргізу мақсатында Ынтымақтастық пен үйлестіру күштерін нығайту туралы мәлімдеме қабылдады.

Сондай-ақ Ұйым аясында өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен биылғы жылдың 2 желтоқсан күніне жоспарланған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының күн тәртібінің жобасы келісілді.

ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысы 2021 жылы Тәжікстан Республикасында өтеді.


17:20, 17 Қараша 2020
0
4694
Жазылу

Сондай-ақ оқыңыз

Көп оқылғаны