Президент

Президент Жемқорлыққа қарсы қызметтегі кадрлық ауыс-түйіске қатысты мәлімдеме жасады

Фото пресс-службы Президента РК
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі кадрлық ауыс-түйіске қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazpravda.kz.

"Менің жарлығыма сәйкес Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылды. Агенттікте оның басшылығымен жемқорлықпен күресте ауқымды жұмыс атқарылды. Осы құрылымның қызметі айтарлықтай жаңғырды. Жемқорлыққа қарсы бірқатар жобалар мен бастамалар қолға алынды. Солардың қатарында Adaldyq alany, Antikor ortalygy, Adal bilim және тағы басқалары бар. Алик Жатқамбайұлына осы қызметтегі табысты жұмысы үшін алғыс айтамын", – деді Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте (Президенттің сөзін оның баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жариялады).

Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы болып Марат Ахметжанов тағайындалғанын атап өтті.

"Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол маман. Әділет министрлігінде, Бас прокуратурада басшылық лауазымдарды атқарды. Кезінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орынбасары болды. Сондықтан мен оны осы лауазымға тағайындау туралы шешім қабылдадым. Жаңа басшы Агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түседі деп сенемін", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
12:18, 16 Сәуір 2021
0
4518
Жазылу

Көп оқылғаны