Президент

Мемлекет басшысы жемқорлықпен күресу бойынша бірқатар тапсырма жүктеді

Коллаж пресс-службы Президента РК
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жемқорлықпен күресу бойынша бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Kazpravda.kz.

Президент мемлекеттің қауіпсіздігі және халықтың әл-ауқаты жемқорлықпен күресте жүзеге асырылатын жүйелі әрі тиімді шараларға тікелей байланысты екенін атап өтті.

"Осыған орай, Агенттік алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр. Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет. Мұндай шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. Ондай тәсілдің кері әсері болады. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады. Агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білуге тиіс. Сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет ", – деді Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте (Президенттің сөзін оның баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жариялады).

Президенттің сөзіне қарағанда, екіншіден, қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдарына айналуы керек.

" Қазіргі таңда менің тапсырмам бойынша "Қоғамдық бақылау туралы" заң дайындалып жатыр. Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, белсенді азаматтарға құқықтық бақылау құралдарын береді. Осы заң жобасының әлеуетін барынша пайдаланып, қоғамды жемқорлықпен күресуге кеңінен тарту қажет", – деп жалғастырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үшіншіден, қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән берген жөн, деп атап өтті Президент. Оның айтуынша, мұны "follow the money" қағидаты дейді.

"Бұл жұмысты Агенттік қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп атқаруы керек", – деп қосты Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатқаны белгілі болды. Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды.

"Агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырамын. Жалпы, халықаралық озық тәжірибені ескеріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды енгізуді жалғастыра берген жөн. Қоғам, бизнес және инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге тиіс", – деп түйді Президент.
12:40, 16 Сәуір 2021
0
3002
Жазылу

Көп оқылғаны