Оқиға

Назарбаев Путинге көңіл айтты

Фото: twitter.com
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Татарстан астанасындағы мектепке қарулы шабуыл жасалып, адамдардың қаза табуына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Kazpravda.kz Елбасының баспасөзқызметіне сілтеме жасап.

"Қазан қаласының №175 мектебінде болған трагедия салдарынан балалар мен ересек адамдардың опат болғаны туралы қайғылы хабарды күйзеліспен қабылдадым. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектеспін", - делінген жеделхатта.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Қазан қаласында 19 жастағы шабуылшы Файзи көшесіндегі №175 гимназияда оқушыларға оқ жаудырды. Салдарынан мектепте 7 бала: 4 ұл мен 3 қыз қаза тапты. Сонымен қатар бір мұғалім көз жұмды. Тағы 20 адам ауруханада жатыр. Күдікті қамауға алынды.

ІІМ хабарлағандай, Қазан қаласында контртеррористік шара режимі енгізілді. Күдікті ұсталғаннан кейін де ғимаратта жедел әрекет ету шаралары жалғасуда. Қаланың барлық оқу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Мектептегі атыстан кейін Татарстанда 12 мамыр Аза тұту күні болып жарияланды.
Автор:
Жанат Тукпиев
16:31, 11 Мамыр 2021
0
7254
Жазылу

Сондай-ақ оқыңыз

Көп оқылғаны