Қоғам

ҚМДБ басшысы құдайы ас өткізуге қатысты мәлімдеме жасады

Фото: autogear.ru
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазақстандықтарды жаназа мен құдайы ас беру кезінде карантин шараларын ұстануға шақырды, деп хабарлайды Kazpravda.kz тілшісі.

"Құрметті отандастар, қадірлі бауырлар! Елімізді дүрліктірген індеттің қаупі күннен-күнге өршіп бара жатқаны өздеріңізге мәлім. Ауру айтып келмейді. "Сақтансаң – сақтаймын" демекші, төрткүл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлық таныту – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ол Жаназа намазы мен Құдайы астарға қатысудың ережесін атады:

- Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуына;

- Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуына;

- Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға;

- Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауына;

– Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтауға;

–Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жууға;

– Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмауға;

– Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспауға;

– Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтауға;

– Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтаруға;

– Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспауға;

– Қонақ асын өткізбеуге;

–Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелуге.


Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптарды орындауға:

– астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелуге;
– бір ғана діни қызметкердің қатысуына;
– санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтауға.


Автор:
Жанат Тукпиев
10:57, 3 Шілде 2020
0
980
Жазылу

Көп оқылғаны