Қоғам

Қазақстандықтар зейнетақы шоттарынан 720 млрд теңгеден астам қаражат алды

Фото Kazpravda.kz/Адильбек Тауекелов
ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтарын пайдалануы бойынша ақпарат ұсынды. Осылайша, қазақстандықтарға БЖЗҚ шоттарынан 720 миллиард теңгеден астам қаражат алуға рұқсат берілді, деп хабарлайды Kazpravda.kz тілшісі.

"Биылғы жылғы 9 наурыздағы жағдай бойынша салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуы үшін орындалған өтініштерінің саны 721,7 млрд теңге сомасына 138,9 мың болды. Азаматтар алған жинақтарының 99,7%-ін тұрғын үй мәселелерін шешуге бағыттауға ниеттенуде. 402 азаматтың 936,3 млн теңге сомасына зейнетақы жинақтары 4 басқарушы компанияға сенімгерлікпен басқаруға берілді. Өңірлер бойынша Маңғыстау облысының, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының үлесіне алудың барлық көлемінің 62,5%-і тиесілі", - деді Досаев.

Ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері халықтың қаражатты мерзімінен бұрын алуына байланысты жыл басынан бастап 0,3 трлн теңгеге немесе 12,6 трлн теңгеге дейін 2%-ке төмендегенін айтты. Салымшылар енгізген зейнетақы жарналарының көлемі 191,7 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері – 60,1 млрд теңгені құрады.

"Биылғы жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 222,9 млрд теңге болды. Алғашқы екі айдың қорытындысы бойынша инфляция 1,3% болған кезде 1,7% мөлшеріндегі кірістілік алынды. Нақты кірістілік инвестициялық қызмет, сондай-ақ зейнетақы активтерін нарықтық және бағамдық қайта бағалау нәтижесінде қамтамасыз етілді",- деп қосты Ұлттық банк басшысы.
Автор:
Айдана Демесинова
10:08, 11 Наурыз 2021
0
9208
Жазылу

Сондай-ақ оқыңыз

Көп оқылғаны