Экономика

Мамин “Nur Otan” партиясының жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысын өткізді

Фото: primeminister.kz
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Kazpravda.kz ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының көлемін арттыру, экспортқа бағдарланған мұнай-газ химиясы өнімдері өндірісінің өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ мектептерді салу және жаңғырту мәселелері қаралды.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 2 есе $41 млрд дейін арттыру міндеті қойылғанын баяндады.

Жаһандық пандемияның сауда-логистикалық байланыстарға әсерін және өткен жылғы көрсеткіштердің төмендеуін ескере отырып, биыл экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау – сақтандыру, шығындарды өтеу және экспорттық акселерация шараларын іске асыру жолымен ҚР шикізаттық емес тауарлары мен қызметтерінің экспортын ұлғайтуды қамтамасыз ету көзделген.

2021 жылы шикізаттық емес экспортты жедел дамыту аясында майлы дақылдар тұқымдары, мұнай-химия өнімдері, өсімдік майы, ет және субөнімдер, трансформаторлар, пестицидтер, АT-қызметтер, жолаушылардың транзиттік тасымалдары, туристік қызметтер және т. б. басым тауарлар мен көрсетілетін қызметтер болып айқындалды.

Қазіргі уақытта ҚР шикізаттық емес экспортының 60%-дан астамын Қарағанды (25,1%), Шығыс Қазақстан (12,2%), Павлодар (11,9%) облыстары және Алматы қаласы (11,9%) құрайды.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы 2025 жылға дейін Атырау, Орал және Шымкент қалаларында мұнай мен газды терең өңдеу жөніндегі 5 зауытты іске қосуды көздейтінін айтты, бұл экспортқа бағдарланған 2 млн тонна мұнай-газ химиясы өнімінің өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді (2019 жылмен салыстырғанда 9 есе өсті).

2021 жылы Атырау облысында қуаты 57 млн текше метр азот пен 34 млн текше метр сығылған ауаны құрайтын техникалық газ шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін Шымкент қаласында қуаты жылына 57 мың тонна эфир және 81 мың тонна полипропиленді құрайтын метил-трет-бутил эфирі мен полипропилен өндіретін зауыттың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Атырау облысында қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт құрылысының жобасы да аяқталу сатысында. Аталған жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі $2,7 млрд құрайды.

2025 жылға дейін Атырау облысында қуаты жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіретін зауыттың, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіретін зауыттың құрылысы аяқталатын болады. Екі жоба бойынша инвестициялардың жалпы сомасы $1,2 млрд құрайды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде елімізде 800 жаңа мектеп салынатынын айтты. Биыл 200 мектеп салу жоспарда бар.

Премьер-министр жергілікті атқарушы және тиісті орталық мемлекеттік органдарға 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспорттың көрсеткіштеріне қол жеткізу, оның ішінде салалар мен өндіріс көлемі бойынша есептеулер жүргізуді тапсырды.

Үкімет басшысы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға мектептерді салу мен жаңғырту бойынша барлық міндеттемелерді сапалы орындауды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

19:42, 4 Маусым 2021
0
11586
Жазылу

Сондай-ақ оқыңыз

Көп оқылғаны