Экономика

Қазақстанда цифрлық теңгені қолданысқа енгізу жоспарланған

Фото: Kazpravda.kz/Адильбек Тауекелов
ҚР Ұлттық банкі цифрлық теңге шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazpravda.kz қаржы реттеушісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Цифрлық теңге заңды төлем құралы, құн өлшемі және жинақ құралы бола алатыны туралы айтылды. Платформаны іске асыру үшін қаржы нарығының қатысушылары төлем сервистерін көрсететін, ал Ұлттық банк инфрақұрылымды қамтамасыз ететін екі деңгейлі архитектура көзделген.

"Цифрлық теңге – бұл Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі эмиссиясын жүзеге асыратын Қазақстандағы ақшаның жаңа нысаны. Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны немесе қолма-қол емес ақшаны ауыстыруға арналмаған, ол қатар пайдаланылатын болады. Цифрлық теңгені енгізу бірқатар бірегей технологиялық сипаттамалардың арқасында Ұлттық төлем жүйесінің одан әрі дамуын қамтамасыз етуге және қолма-қол ақшасыз төлемдеріне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді", – делінген Ұлттық банк баяндамасында.

Цифрлық теңгені шығару бойынша шешім қабылдау үшін ең алдымен цифрлық валюта шешетін міндеттерді анықтай отырып, оның пайдасы мен зиянын, ақша-кредит саясатына әсерін, қаржы тұрақтылығын және төлем экожүйесін, оны шығару және тарату әдісін, қолданылатын технологиясын жан-жақты зерттеу қажет екені аталып өтілді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бұл жұмысты қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қоғамдастығымен және халықаралық әріптестермен бірлесіп жүргізуді жоспарлап отыр.

Көпшілік талқылау үшін жарияланған Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің зерттеу баяндамасын мына сілтеме бойыша жүктеуге болады.
14:13, 5 Мамыр 2021
0
12133
Жазылу

Сондай-ақ оқыңыз

Көп оқылғаны