Әлем

Америкалық сот Храпуновтарға қатысты жаңа шешім шығарды

АҚШ-та Ильяс пен Виктор Храпуновтарға қарсы соттың жаңа шешімі шығарылды, деп хабарлайды Kazpravda.kz ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство ақпаратынша, 3 қыркүйекте Нью-Йорктің оңтүстік округі бойынша АҚШ Округтік соты Ильяс пен Виктор Храпуновтарға қарсы сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салу туралы кезекті қаулы шығарды.

"Судья Кэтрин Паркер Храпуновтар көптеген заңды міндеттемелерді бұзған, дәлелдемелерді әдейі жойған және кейбір дәлелдемелердің өз қолдарында жоқтығы туралы жалған жауап берген деген қорытындыға келді", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ сот Храпуновтардың осы іс бойынша кейбір сот қаулыларын, соның ішінде Ильяс Храпуновтың құпия айғақтарды рұқсатсыз таратуға салынған тыйымды бұзғандығын анықтады.

"Ағымдағы жылғы 3 қыркүйектегі шешім соттардың Храпуновтар мен Аблязовқа қатысты құқыққа қайшы мінез-құлқы және сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін айыппұлдар тағайындау туралы үстіміздегі жылғы мамыр айында және 2019 жылғы шілде айында шығарылған қаулылары қатарының жалғасы болып табылады. Бұл қатарынан санағанда бесінші шешім болып табылады", - деп атап өтті министрлікте.

Айыппұлдың нақты мөлшері Талапкерлердің өздері жұмсаған сот шығындарының сомасын сотқа ұсынғаннан кейін белгіленеді.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (Алматы қ. әкімдігінің атынан) "БТА Банк" АҚ-мен бірлесіп, төрт жылдан астам уақыт бұрын Аблязовты, Храпуновтарды және олардың қылмыстық сыбайластарын ҚР-дан ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатты деген айыппен Нью-Йорктағы "Flatotel" сот қарауына бастамашылық жасаған.

Аблязов жалған несиелер беру арқылы БТА-дан миллиардтаған доллар ұрлаған. Ол үшін Аблязов Қазақстанда сотталып, Біріккен Корольдік соттарында кінәлі деп танылған. АҚШ-тағы сот қараулары барысында Талапкерлер Аблязовтың қылмыстарын растайтын қосымша елеулі дәлелдемелерді жинады, сондай-ақ осы қылмыстардың жасалуын өз көзімен көрген көптеген куәлардың жауаптарын қамтамасыз етті.

ҚР Үкіметінің консультанты – "Boies Schiller Flexner LLP" Серіктесі Мэттью Шварц талапкерлер ұсынылып жатқан дәлелдемелерге соттың жіті қарауын жоғары бағалайтынын атап өтті.

"Аблязов, Храпуновтар және олардың сыбайластары сот процесінде адал ниетпен қатысудан бірнеше рет бас тартып, көптеген сот қаулыларын бұзған. Дәлелдемелердің бір бөлігін қасақана жойғандықтарына қарамастан, олардың жасалған қылмыстарға қатыстылығын растайтын құжаттардың көлемі жеткілікті. Талапкерлер сол дәлелдемелерді Нью-Йорк алқабилер сотының назарына ұсыну мүмкіндігін асыға күтуде", – деп мәлімдеді Шварц.
Автор:
Жанат Тукпиев
11:30, 7 Қыркүйек 2020
0
16312
Жазылу

Сондай-ақ оқыңыз

Көп оқылғаны